Қазақстандық өнертапқыштар дрон мен сөйлейтін робот құрастырды

Қазақстандық өнертапқыштар дрон мен сөйлейтін робот құрастырды

Күннен қуат алып, 10 сағат бойы тоқтаусыз ұшатын аппарат. Жобалаушылардың айтуынша, ол дрондардың ұшу ұзақтығы бойынша абсолютті рекорд орнатты. Бұл қазақстандық өнертабыс бір қарағанда ойыншыққа ұқсайды. Оның салмағы небәрі 4,5 кг, ал ені екі метрді құрайды. «SolarUAV» деп аталатын аппарат 10 шақырымға дейін биіктікке көтеріле алады. Инженерлер атап өткендей, бұл авиақұрылыс технологиясының арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар ұшақ сағатына 170 шақырымға дейін жылдамдықпен ұша алады. Қолданылу аясы өте кең. Құрылғыны ауыл шаруашылығында, адамдарды іздеу және жергілікті жерді патрульдеу үшін пайдалануға болады. Болашақта әзірлеушілер жобаны жетілдіріп, ұшу ұзақтығы жөнінен әлемдік рекорд орнатуға ниетті.

Алексей Оксененко, ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастырушы:

- Ұшу уақытын көбейтуге, яғни іс жүзінде тәулік бойы ұшатындай етіп ұлғайтуға болады. Бірақ жыл бойы емес, тек күндізгі уақытта және жылына шамамен алты ай болуы мүмкін. Қыста ұшу қиын болады. Дегенмен байқап көруге болады. Жобаға Төтенше жағдайлар министрлігі қызығушылық танытты. Біз 5 елмен бірге бір көрмеге қатысамыз, олар жобаға жоғары қызығушылық білдіруде. Бұл жобаға әскерилер мен арнайы қызметтер ерекше назар аударып отыр.

Ал студент Жанғали Мақсұтов темірге тіл бітіріп, роботты қазақ тілінде сөйлетті. Ол түрлі нұсқауларды да орындайды. «Тайрант-5»-тің алғашқы сызбасы мен нобайын жасауға төрт жыл уақыт кеткен. Биыл оның корпусы жасалып, бағдарламасы орнатылды. «Алдағы уақытта ауыл шаруашылығында, медицинада, өндірісте қызмет ететін құлтемірлерді қолданысқа шығарғым келеді», – дейді ізденімпаз жігіт.

Жанғали Мақсұтов, студент:

- Осы роботты сөйлету үшін үйде 10 шақты тәжірибе жасалды. Алғашында дұрыс сөйлей алмады. Екіншісінде колонкасының дауысы дұрыс шықпады. Үшіншісінде сымдар дұрыс қосылмады. Сөйтіп көптеген тәжірибелердің арқасында жұмысым сәтті шықты.