Мәжілісте Каспий теңізіне қатысты құжат мақұлданды

Мәжілісте Каспий теңізіне қатысты құжат мақұлданды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Қазақстан Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан. Мамандардың пайымдауынша, теңіздің осы аймағы қоршаған орта тұрғысынан кері әсерлерге сезімтал әрі осал бөлігі болып есептеледі. Сондықтан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі бұл құжаттың еліміз үшін өте маңызды екенін атап өтті. 

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрі:

- Каспий теңізінде көмірсутегі шикізатының ірі қорының болуы осы су бассейініндегі экологиялық әрі биологиялық ресурстарын сақтау мәселесін өзекті етеді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Негіздемелік конвенцияға қатысты бірқатар хаттамаға қол қойды. Солардың бірі – Каспий маңы мемлекеттері 2018 жылғы 20 шілдедегі Мәскеуде қол қойған қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі хаттама. Сонымен қатар осы хаттаманы реттеуге жататын қызмет түрлері анықталды. Олар келесідей: мұнай өңдеу зауыттары, жылу қуаты 300 мегаватт немесе одан жоғары жылу электр станциялары мен басқа да жағу қондырғылары, атом электр станциялары, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және кеңейту.

Министр хаттаманы ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, экологиялық салдарға әкеп соқтырмайтынын атап өтті. Құжат республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді.

Айта кетейік, трансшекаралық контекстегі құжатты Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан қабылдады.


Авторы: Ақзер Сегізбай