Ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін қалай арттыруға болады?

Ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін қалай арттыруға болады?

Ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін 50% қалай арттыруға болады? Бұл Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдарына мәлім. Олар қазіргі таңда егіншілік саласында тың жоба әзірледі. Қопсытқыш-тыңайтқыш, бұл – отандық фермерлер үшін нағыз олжа. Мемлекет қолдауының арқасында 2018 жылы «Ғылым қоры» арқылы өнертапқыштар 240 млн теңге көлемінде грант алды. Бұл қаражатқа жабдықтар сатып алынып, шағын өндіріс іске қосылды.

Саяхат Нукешев, жоба жетекшісі:

- Бізге агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті егіншілік элементтерін енгізудің ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде ұсынылды. Биылғы жылдың сәуір айында астық егетін аймақтардан Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірлерінен 9 пилоттық шаруашылықтан топырақ сынамаларын алдық. Осылайша өрістердің 90% астамында азот пен фосфор мөлшері төмен екендігі белгілі болды. Сондықтан фермерлердің өтініші бойынша өз идеямызды дамытып қопсытқыш-тыңайтқышты жасадық.

Әзірлеушілер бұл техниканың көмегімен күніне 50 гектар жерді тыңайтқышпен өңдеуге болатынын айтады. Қоректік заттардың жетіспеушілігі, топырақтың тығыздалуы, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасының төмендеуі сияқты жергілікті топыраққа тән мәселелердің барлығын аталмыш өнім оңай шешеді. Бүгінде өнімге көрші елдердің аграршылары қызығушылық танытуда.

Саяхат Нукешев, жоба жетекшісі:

- Сұраныс бар. Алайда басты міндет – ішкі нарықты қамтамасыз ету. Егер буланған өрісті бір рет қоректендірсеңіз, оны 4-5 жыл бойы тыңайтпасаңыз болады. Осылайша бірнеше операцияны біріктіру, топырақты терең өңдеу, тыңайтқыштарды әртараптандыру арқылы үнемдеуге қол жеткізіледі. Яғни тыңайтқыштардың дифференциациясы арқылы тыңайтқыштарды 50% дейін үнемдеуге болады.

Қайрат Айтуғанов, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы:

- 2019 жылы Қарағанды облысы Осакаров ауданында гектарынан 50 центнерден өнім алдық. Бұл – бүкіл Қазақстан бойынша тарихи рекорд. Биылғы жылы қатты құрғақ болып, өрістер аталмыш құралмен өңделді. Алайда әдеттегі өңдеуге қарағанда 2-3 центнер жоғары өнім береді.

Ғалымдардың айтуынша, қазіргі таңда мемлекет ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жобаларды дамытуға және коммерцияландыруға басымдық береді. Осылайша қазақстандық әзірлеушілердің идеялары ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.

Авторы: Ақзер Сегізбай