Семей ядролық полигонының жабылғанына – 30 жыл

Семей ядролық полигонының жабылғанына – 30 жыл

Биыл 29 тамызда әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толады. 1991 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи Жарлыққа қол қойды. 2009 жылы БҰҰ-ның 64-сессиясында «29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп белгілеу жөніндегі ұсынысы қолдау тапты. Қазақ елі әлемде өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретіндегі тарихи құжаттарды Семейде ашылған «Маңызды шешімдер кезеңі» көшпелі көрмесінен көруге болады.

Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:

- Бұл іс-шараға Елбасы кітапханасы 1 жылдың ішінде дайындалған. Өйткені полигонның 30 жылдығы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан осы көрмені, жәдігерлерді, архивтік құжаттарды, экспонаттарды әдейі Семей қаласына әкеліп жастарға арнап отырмыз.

Жалпы сынақ алаңындағы 40 жылдың ішінде 400-ден аса жарылыс болды. Оның 90-ы әуеде, 26-сы жер үстінде және 26-сы жер астында жүргізіліпті. Бұл қасіреттен миллионнан астам адам зардап шеккен. Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесінде осы туралы 1989 жылдан бастау алған халықтық антиядролық қозғалыс тарихы жөнінде тарихи деректер мен жәдігерлер бар. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне жаһандық қауіпсіздік сақтаудағы еңбегі үшін берілген Ұлыбритания, АҚШ, Жапония сияқты мемлекет басшыларының сыйлықтары да осында. Көрмеде барлығы 200-ден астам құнды дүние көпшілік назарына ұсынылып отыр. Шара қыркүйектің соңына дейін жалғасады.

Сонымен қатар Павлодарда Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына арналған форум өтті. «Невада-Семей» қозғалысына қатысқан азаматтар ядролық сынақтарды тоқтату кезіндегі қиындықтар туралы айтты. Қоғамдық саяси қозғалыстың бастауында Қазақстанның халық жазушысы, ақын Олжас Сүлейменовтің тұрғаны мәлім. Алқалы жиынға Олжас Омарұлы бейнеконференция арқылы қатысты.

Олжас Сүлейменов, ақын, Қазақстанның халық жазушысы:

- «Семей полигоны жабылсын!» деген бір ғана тілек еді. Осылайша біз ядролық жарылысты бірге тоқтаттық. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Ол «Невада-Семей» қозғалысы құрылғаннан кейін жарты жыл өткен кез еді. Сол жылы 20 қарашада Кеңес Одағының жоғарғы кеңесі Семей полигонын жабу туралы қаулы қабылдады.