Ауғанстандағы ахуал: әлем елдері өз азаматтарын көшіру ісін жалғастыруда

Ауғанстандағы ахуал: әлем елдері өз азаматтарын көшіру ісін жалғастыруда

Талибан Ауғанстанды терроризм ошағына айналдырмауы керек. Бұл туралы НАТО-ның Ауғанстан жөніндегі Кеңесінің Брюссельде өткен жоспардан тыс отырыс қорытындысының баспасөз мәслихатында, аталған альянстың бас хатшысы мәлімдеді. Йенс Столтенберг Ауғанстан ұлттық әскері тез жеңіліске ұшырайды деп күтпегенін айтты.

Йенс Столтенберг, НАТО бас хатшысы:

- Ауғанстан қарулы күштерінің біраз бөлігі жан аямай соғысты, бірақ елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады. Себебі Ауғанстанның саяси басшылығы «талибанға» қарсы шыға алмады, бейбіт келіссөзге қол жеткізе алмады. Осы сәтсіздіктің соңы бүгінгі қасіретті жағдайға әкелді. Өзіміздің және ауған әріптестерімізді көшіріп болдық. «Талибан» елден кеткісі келетіндердің барлығына мүмкіндік беруі керек. Әуежайды, сондай-ақ жолдар мен шекара бекеттерін ашу қажет.

Сонымен қатар кәрі құрлық елдері сыртқы істер министрлерінің шұғыл бейнеконференциясы да өтті. Нәтижесінде Еуропалық одақ Ауғанстан халқына қолдау көрсету мақсатында тәліптермен келіссөз жүргізуге дайын. Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель: «Тәліптермен байланысып отыру – жағдайды реттеудің бірден бір жолы», ­– деп ашық айтты.

Жозеп Боррель, ЕО дипломатиясының басшысы:

- «Талибан» соғыста жеңіске жетті. Сондықтан бізге олармен сөйлесуге тура келеді. Гуманитарлық апат пен көші-қон дағдарысын еңсеру үшін біз тәліптермен келіссөздерге тез арада кірісуіміз керек. Тұрақты қолдау көрсетуіміз үшін қолайлы жағдай жасаймыз және адам құқықтарын аяқ асты етпеу үшін барлық тетіктерді пайдаланамыз. Ең басты мақсатымыз - Ауғанстандағы еуропалықтарды және 20 жыл бойы бізбен жұмыс істеген, елден кеткісі келетін жергілікті азаматтарды аман-есен көшіріп алу.