Нұр-Сұлтанда «NS street life» көше спортының алғашқы колизейі ашылды

Еліміздің бас қаласы тұрғындар үшін күн өткен сайын қолайлы бола түсуде. Мегаполисте урбанистиканы дамытуда базалық инфрақұрылымға қолжетімділік тұжырымдамасы маңызды рөл атқарады. Осылайша, Нұр-Сұлтанда жастардың бос уақыттарын пайдалы өткізуге арналған «NS street life» аула спортының колизейі пайда болды.

Елнар Базыкен, Нұр-Сұлтан қаласындағы урбанистика орталығының жетекшісі:

- Бұл алаң аула спортын кеңінен насихаттауы керек. Біз оны қызықты ету үшін түрлі-түсті етіп жасадық. Қаламызда баскетболшылар, паркур ойыншыларының қоғамдастықтары бар. Біз олардың барлығын осы үрдіске ат салысуға шақырамыз. Осылайша осы алаңда жаттығуларын жүргізіп, сабақтарын өткізе алады. Жалпы алаң барлығы үшін қолжетімді. Қалаған әр адам келіп ойнай алады. Спортқа ден қойып, қызығушылық танытқандарға қауымдастық кәсіби тұрғыда тегін көмек береді.

Жансара Хомицкая колизейдің жанында тұрады. Әдетте мұнда ол екі жасар қызымен демалуға келеді екен. Осылайша ол бала бойына спортқа қызығушылықты кішкентайынан ұялатуды мақсат тұтып отыр. Сонымен қатар Алматыдан келген досын да осы алаңға алып келген. Жансараның досы стречингтен жаттықтырушы. Сондықтан олар өзара жаттығуларын өткізіп, алаңға баға берді.

Жансара Хомицкая, елорда тұрғыны:

- Мен енді осы алаңда өз қызыммен бүкіл бос уақытымды өткізуді жоспарлап отырмын. Бұл жерде доп ойнап, адамдармен араласуға, түрлі сауық шараларын тамашалауға болады. Бұл өте ыңғайлы және қызықты. Қашан болмасын мұнда жастар жиі шоғырланады. Спортқа таптырмас алаң.

Алаңда баскетбол, минифутбол ойнауға, бокс немесе гимнастикамен шұғылдануға болады. Бұл аренаға бір мезетте 600 адам сыяды. Сондықтан үлкен спорттық бәсекелер мен би баттлдарын өткізуге өте қолайлы. Ал екінші қабаттағы шатырмен жабылған алаңқай жанкүйерлерге қандай ауа райында болмасын сүйікті командасына қолдау көрсетуіне жағдай жасап тұр. Жақын арада мұнда скейт алаңы бой көтермек. Егер колизей жақсы жағынан танылса мұндай спорт орталықтары болашақта қаланың өзге аудандарында да көптеп ашылады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева