Ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысы құнының 50% мемлекет өтейді

Жұмыс берушінің құрылысқа жұмсаған қаражатының тең жартысын мемлекет субсидиялайды. Бұдан былай Қазақстанның ауылдарында тұрғын үйлер жаңа ереже бойынша бой түзейтін болады. Осыған сәйкес, елді аймақтардағы баспана  құрылысы шығынының бір бөлігін мемлекет көтереді. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына қатысты болмақ.

Алексей Ищук, ҚР Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі басқармасының бас сарапшысы:

- Бұл субсидиялау жүйесінің басты – мақсаты жұмыс берушінің тұрғын үй құрылысына жұмсайтын қаражатын үнемдеу. Ондағы басты талап – ауылды жерлерге ел игілігіне жарайтын біліктілігі жоғары мамандарды тарту.

Баспана 100 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Бір шаршы метрінің бағасы 100 мың теңгеден аспауы керек. Жұмысшы 5 жыл өтісімен тұрғынжайды өзі сатып алып, атына аудару құқығына ие болады. Ол кезде баспана құны бастапқы бағасынан екі есе арзанға түседі. Мамандардың есебінше жылына орта есеппен 500 мың адам ауылдан қалаға қоныс тебеді. Жаңа ереже осы көшті азайтуға бағытталған. Бұл жөнінде ел азаматтарының өзі қандай ойда? Тұрғындардың пікірін білуге тырыстық.

Блиц:

- Барар едім, табиғатына байланысты. Жұмысына байланысты. Жақсы жағдай жасалса мен тұрар едім.

- Жоқ. Негізі жастарға қала жақсы ғой.  Жұмыс бар, мысалы астанада. Мен өзім 2010 ауылдан көшіп келгенмін.

- Осында оқимын, гранд бойынша ауылда жұмыс істеу керек. 3 жылға дейін. Сондықтан ауылды жерде жұмыс істеу ешқандай проблема емес деп ойлаймын.

Осылайша, тұрғындардың қаладан ауылға көшуге қатысты пікірлері қақ жарылды. Заң жыл соңына дейін қабылданады деп күтілуде. Алғашқы транш келер жылы бөлінбек.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов