Қ. Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтті

Қос азаматтығы барларға мемлекеттік қызметте орын жоқ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде мәлімдеді. Мемлекет басшысы екі ел азаматтығын алғандардың ісімен құзырлы орындардың дереу айналысуын тапсырды.

Сондай-ақ президент шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салынатын баса айтты. Жуық арада президент әкімшілігі тиісті заң жобасын әзірлейді. Бұдан бөлек Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылады. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек. Екіншіден, бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек. Үшіншіден, Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын. Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек.