Әкімдер сайлауының алдындағы үгіт-насихат науқаны 14 шілдеде басталады

14 шілдеде Қазақстанда аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің сайлау алдындағы үгіт науқаны басталады. Бұл туралы еліміздің Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі хабарлады. 

«Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Осылайша, сайлау алдындағы үгіт 2021 жылғы 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 18:00-ден кейін басталып, 2021 жылғы 24 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 00:00-де аяқталады», – делінген хабарламада.

Дауыс беру 25 шілдеде өтеді. Еліміздің Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, бүгінде Қазақстанда 2 346 әкім бар. Жаңа ережелер енгізілген соң олардың барлығы өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Осы жылдың соңына дейін шамамен 775 әкім сайланады деп жоспарлануда.