Қазақстандық депутаттар демалысқа шықты

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары каникулға кетті. Қос палатаның бірлескен отырысында жылдың қорытындысы шығарылды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің дерегінше, халық қалаулылары бірінші сессия барысында 270-тен астам өтінім жолдап, 104 заң жобасын қараған. Оның 63-і қабылданды, сондай-ақ 58-іне Президент қол қойып, күшіне енді.

Сайлау заңнамасына толықтырулар енгізілді. Енді саяси партиялардың төменгі палатаға өту шегі 7% - 5% дейін төмендетілді.   Сайлауда берілетін бюллетеньдерге «барлығына қарсымын» деген жаңа баған енгізілді. Тағы бір ерекшелік – ауылдың және ауылдық округ әкімдерін тікелей халықтың таңдауын қамтамасыз ететін нормалар қосылды. Бұған қоса жер қатынастары заңына өзгерістер енді. Оған сәйкес ауыл шаруашылық жер телімдері шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Өткен сессия көптеген тарихи оқиғаларға толы болды. Біздің Парламент депутаттары ол сенаторлар мен мәжілісмендер бастамашы болған заңдар қабылданды. Олардың халық үшін маңызы айрықша. Бұл орайда қылмыстық процесстерде азаматтардың құқығын қорғау туралы сұрақтар. Жемқорлықпен күрес сынды түрлі әлеуметтік зұлымдықтарға қатысты заңдар. Бұған қоса ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға қатысты құжаттар. Сондай-ақ экономиканы нығайтуға сеп болатын, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жобалар заңды күшіне енді.

Қазақстандық депутаттар әлемнің 80-нен астам елдерінің парламенттерімен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып келетінін айта кеткен жөн. Жаһан көлемінде өршіген пандемияға қарамастан халықаралық пікірталас алаңдарда парламентаралық диалог үзілмей келеді. Екі жақты келіссөздер жүргізіліп, ынтымақтастық меморандумдары жалғасуда. Жетінші шақырылымның 1-ші сессиясы барысында отандық депутаттардың қатысуымен 170 халықаралық шара ұйымдастырылды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов