Нұр-Сұлтанда Сирия бойынша кезекті халықаралық келіссөздер өтеді

Қазақстанда Сирия бойынша кезекті жоғары деңгейдегі халықаралық кездесу өтеді. Келіссөздер 7-8 шілдеге жоспарланған. Бұл Астана процесінің шеңберінде ұйымдастырылатын осымен 16-шы кездесу. Оған кепілгер елдер - Иран, Ресей және Түркия, сондай-ақ Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясының өкілдері қатысады деп күтілуде. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ирак пен Ливанның жоғары деңгейдегі өкілдері шақырылған.

Келіссөздердің күн тәртібіне келесі мәселелер кіреді:

Сириядағы, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал; Сирияға халықаралық ізгілік көмек көрсету; Женевадағы сириялық Конституциялық комитет жұмысының жандану перспективалары; Тараптар арасындағы сенімді нығайту, оның ішінде тұтқындармен алмасу, кепілге алынғандарды босату және із-түссіз жоғалғандарды іздеу.

Кездесудің алғашқы күн тәртібінде екіжақты және кепілгер елдердің үшжақты консультацияларын, сириялық тараптармен келіссөздер жүргізу, бақылаушы тараптардың делегацияларымен байланыстар орнату көзделген. Ал екінші күні кеңесті жалғастыру және жалпы отырыс өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар мәжбүрлеп ұсталып отырған тұлғалар бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы жоспарлануда. Оған БҰҰ және Халықаралық қызыл крест комитеті сарапшылары қатысады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов