Қазақстандық стартапқа 750 мың доллар инвестиция тартылды

tradeallcrypto.com

Медициналық масканың бар-жоғын анықтау және дене қызуын тексеру мен түр-тұлғаны сәйкестендіру. Бұндай ақылды құрылғылар Қазақстанның түрлі мемлекеттік құрылымдары мен бірқатар компаниялардың кіреберіс тұсына орнатылған. Заман ағымына сай тиімді бизнеске айналған бұл өнертабысты  жас отандық ғалымдар ойлап шығарған. Үш жыл бұрын құрылған стартап бүгінде өз жемісін беріп жатыр. Қазіргі таңда осы жүйе еліміздегі 200-ге тарта ұйымның қауіпсіздік қызметінде сәтті ендірілген.  

АРМАН ЕРНАЗАРОВ, CHIEF PRODUCT OFFICER:

 - Қазіргі таңда біз жұмыс кестесін құру, шығыс пен кірістер, аванстық төлемдер мен демалыс ақысы сынды түрлі өтемдерге қатысты мобильдік құрылғы арқылы сұраныс жасау қызметтерін ұсынамыз. Яғни, біз HR қызметін автоматтандырдық. Біз компанияның тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге септесеміз. Ондағы тәртіпті реттеп, жалпы еңбек өнімділігін арттыруға көмектесеміз.

Бұл өнертабыстың тиімділігін шетелдік инвесторларда бағалап үлгерді. Жас отандық стартапшылар жобаны жетілдіру үшін сингапурлық қордан 750 мың доллар көлемінде қаржы тартқан. Бұл қаржы бастаманың іргесін кеңейту мен Оңтүстік Шығыс Азия нарқын бағындыруға бағытталмақ. 

АРМАН ЕРНАЗАРОВ, CHIEF PRODUCT OFFICER:

 - Үлкен бәсекелестік болғанымен, мұндай жүйенің әлеуеті үлкен. Ендігі мақсатымыз – кешенді түрде ТМД нарқын бағындыру. Ол үшін біз қосымша функциялар құрып, сату бойынша штатты ұлғайтуды көздеп отырмыз. Бұл бәсекеге қабілеттілігімізді артырады.

Астана Hub менеджерлерінің айтуынша, жаһандық пандемияға қарамастан, биыл көптеген бизнес жобалар жүзеге асырылды. Керісінше оқшауланудың арқасында бизнестің жаңа қырлары ашылған.                    

АНДРЕЙ КРЮКОВ, ASTANA HUB-ТЫҢ COMMUNITY БАҒДАРЛАМАЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА МЕНЕДЖЕРІ:

 - Егер де нақты сандарға келетін болсақ, акселерациялық бағдарлама аясында сату көрсеткіші 179 миллион теңгеге артты. Бұл, ең алдымен, стартап жобалардың пандемияға қарамай қарқынды түрде дамып келетінін көрсетеді.

Жалпы, жыл басынан бері қазақстандық стартаптарға 80 миллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Негізінен қаражат бүгінде сұранысқа ие білім және маркетплейс сынды салаларға қатысты жобаларға құйылған.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

×