Қытайлық «CoronaVac» вакцинасының тиімділігі – 80%

Қытайлық «CoronaVac» вакцинасы Қазақстанда уақытша тіркеуден өтті. Қазіргі пандемия жағдайында рұқсат беру шаралары жеделдетіледі.

Еске сала кетейік, препарат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мақұлданған және қолдануға жарамды вакциналар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар қауіпсіздік пен тиімділіктің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.

Бүгінгі таңда «CoronaVac» әлемнің 25 елінде мақұлданған, препаратты 300 млн-нан астам адам қабылдаған. Сонымен қатар еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше күн ішінде барлық ілеспе құжатты мақұлдауы керек. Олардың негізінде вакцинаны қолдану жөніндегі нұсқаулық жасалады. Осыдан кейін екпені республиканың барлық иммундау пунктінде қабылдауға болады. Вакцина қазіргі таңда Қазақстанда қолданылып жүргендердің тізіміне енген төртіншісі екенін айта кеткен жөн.

Александр Шустов, Ұлттық биотехнология орталығы генетикалық инженерия зертханасының меңгерушісі:

- Оның қасиеттері жақсы зерттелген, тиімділігі жария етілді. Ол шамамен 80% құрайды. Синовакты қолданған кезде 30-40% деңгейінде жергілікті эффектілер болады. Олар уақытша, яғни вакцина қауіпсіз.