COVID-19: Қазақстанда 2 572 бала емделіп жатыр

azattyq-ruhy.kz

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан көз жұмған бала жоқ. Бұл туралы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының қызметкері Айгүл Базарбаева айтты.

«Балалардың басым көпшілігінде ауру жеңіл деңгейде өтеді», – дейді маман. Ақпаратқа сәйкес, осы күнге дейін елімізде 26 620 бала коронавирус жұқтырған. Оның 24 мыңнан астамы сауығып шықты. Қазір 2,5 мыңнан аса бала дәрігерлердің жіті бақылауында. Ал 92% үй жағдайында емделуде.

Деректерге сәйкес, кішкентай науқастар саны жөнінен алғашқы үштікке елорда, Алматы қаласы және Қарағанды облысы кіреді.

Айгүл Базарбаева, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

- Біз балалар арасында коронавирус инфекциясының таралуы бойынша мониторинг жүргіземіз. 2020 жылдың 1 қыркүйегі мен 2021 жылдың 16 мамырына дейінгі ақпарат бойынша республикада ауырған 22 194 бала бар. Ал олардың 15 510-ы қашықтан оқыту форматында болған балалар. Бұл – шамамен балалардың 70%. Ал оффлайн форматта шамамен балалардың 30%, яғни 7 084 бала індет жұқтырды. Әрине, инфекцияның таралу қаупін азайту үшін белгілі эпидемиологиялық шараларды қабылдап, ұстану керек.

Мәліметтерге қарағанда инфекция жұқтырған балалар негізінен қашықтан білім алған. Сондықтан келесі оқу жылын барлық санитарлық норманы сақтай отырып, дәстүрлі форматта ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

Авторы: Ақзер Сегізбай

×