Вакцинация – коронавируспен күрестің маңызды кезеңі

entornointeligente.com

Коронавирусқа қарсы вакцина алғысы келетін қазақстандықтар екі жолмен өтінім бере алады. Оның бірі EGov порталы арқылы болса, екінші жолы қоғамдық денсаулық сақтау ұйымы мен басқармасының сайтында көрсетілген call-орталықтары арқылы. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Халықтың екпе алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін эпидемиологиялық департаментімен бірге вакцинация пункттерін қаланың сауда және ойын-сауық орталықтарында орналастыруды жоспарлап отырмыз. Барлық санитарлық талапты ескере отырып, халықты вакциналауға дайындық жұмыстары жүргізулуде. Сауда орталығында екі бригада түске дейін және екі бригада түстен кейін жұмыс істейтін болады. Бригадалардың құрамында дәрігерлер мен медбикелер болады.

Еске салсақ, елордада эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Бас шаһар індетті жұқтыру жағынан әлі де «қызыл» аймақта. Күніне орта есеппен 430 жағдай тіркеледі. Бұл өткен жылдың шілде аймен салыстырғанда екі есе көп. Жаппай иммундау шарасы барысында қала тұрғындарының 60% қамту жоспарланған.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта коронавируспен күрестің маңызды кезеңі – халықты вакциналау. Бұл вакцинация күшті профилактикалық шара болып табылады және оның пайдасы айтарлықтай зор екенін атап өткім келеді. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 600 мыңнан астам адамға немесе қала тұрғындарының 60%  вакцина жасау жоспарланған. Бүгінгі таңда елордада 22 500-ден астамы короновирусқа қарсы вакцина алды. Вакцинадан кейін ауыр асқынулар тіркелемеген. Осы аптада алдын ала жазылу арқылы жаппай вакцинациялау басталды.

Коронавирустың таралуы жөнінен ең күрделі ахуал Алматы қаласында екенін атап өткен жөн. Сондықтан мұнда халықты жаппай иммундау шаралары күшейтілген. Қалада вакциналау басталғалы бері екпенің 68 650 дозасы жеткізіліп, 49 160 адам вакцина салдырып үлгерген.

Нариман Табынбаев, Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бүгінде Алматыда 2 млн-нан астам тұрғын бар. Қаланың кем дегенде 1 млн тұрғынына вакцина егу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде жаппай вакциналауға дайындалу үшін егу пунктерінің қажетті саны есептелді. Вакциналау нүктелерінің тұрақты өсуі байқалады. Ақпан айының басында бізде 35 егу пункті болған. Бүгінгі күні оның саны 182-ге жетті.

Авторы: Ақзер Сегізбай

×