Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мамыр айынан бастап вакцина ала алады

Қазақстан астанасында коронавирусқа байланысты шектеу шаралары жеңілдетілуі мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді. «Бүгінгі күні қала тұрақты негізде сары аймаққа орналасты. Осыған байланысты шектеу шараларын жеңілдету мәселесі қарастырылуда. Қазір бұл сұрақ  талқылануда», деді ол.

Сархат Бейсенованың ақпараты бойынша, елордада коронавируспен ауырғандардың негізгі үлесі 30 жас пен 39 жастың аралығында. Олар жалпы сырқаттанушылардың ішінде 24,7 процентті құрап отыр. COVID-науқастардың 23 проценттен астамы – 50 жастан жоғары азаматтар. Нұр-Сұлтанда ақпан айының басынан бері 2192 науқас тіркелген. Сондай-ақ қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тұрғындар мамыр айынан бастап коронавирусқа қарсы вакцина салдыра алатынын айтты.

САРХАТ БЕЙСЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

– 1 ақпаннан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерін вакциналау басталды. Қазіргі таңда 1 ақпаннан бүгінге дейін вакциналаудың бірінші компоненті бойынша 2008 медицина қызметкеріне вакцина егілді. Оған жедел жәрдем қызметкерлері, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің, реанимация бөлімшелерінің, жалпы медицина саласы қызметкері. Екінші кезекте – педагогтер мен күш құрылымдарының қызметкерлері вакцина алады. Одан кейін сәуір айында студенттер тұр. Ал қала тұрғындары басымдық берілген сала мамандарынан кейін, барлығы қамтылғаннан кейін барып шамамен мамыр айында екпе салдыра алады.

Авторы: Ақзер Сегізбай