Қазақстанда Pfizer препаратымен вакциналау басталды

Pfizer
img.kapital.kz

Қазақстанда аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер мен 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді Pfizer препаратымен вакциналау басталды. Нұр-Сұлтан қаласына екпенің барлығы 35 мың дозасы әкелінді. Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, америкалық вакцинамен 20-дан астам пунктте егілуге болады.

Төрежан Тұрсын, студент:

- Мен Pfizer-ді күттім. Ең бастысы екпені өзімді қорғау және ауырып қалмас үшін алдым.

Гүлфайруз Ысқақова, қала тұрғыны:

- 3 қыркүйекте дүниеге келген екі айлық балам бар. Жүктілік кезінде вакцина алғым келген. Pfizer келген кезде, бірден екпені алам деп шештім. Дәрігер балаға әсер етпейтінін айтты.

Pfizer вакцинасының бір ампуласы 6 дозаға арналған. Препаратты ашқаннан кейін сақтау мерзімі 6 сағатты құрайды. Ал мөрленген және жібітілген күйінде бір айдан артық сақтауға болмайды.

Әйгерім Ардаққызы, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Азаматтар өз терапевтеріне хабарласады, ал емханалар екпе алушылар тізімін жасайды. Бала емізетін және жүкті әйелдер екпе алуға аса ынталы. Ал балалармен жағдай әрине, басқаша. Ата-аналармен көбірек әңгіме өткізіледі, яғни олардан бастама күтеміз. Pfizer вакцинасымен егілгісі келетін басқа да азаматтар бар, бірақ әзірге атаулы топтағылар басты назарда.

Елімізде коронавирусқа қарсы вакциналау үшін Pfizer вакцинасы басқа да санаттарға қолжетімді болмақ. Бұл туралы Үкімет басшысы БАҚ өкілдерімен кездесуде мәлім етті. Асқар Маминнің айтуынша, қазір ведомствоаралық комиссия осы мәселені пысықтауда. Шешім ағымдағы аптада жариялануы мүмкін.

×