Елордада коронавирустық науқастарға бейімделген стационарлар азайды

Елордада коронавирустық науқастарға бейімделген стационарлар азайды

Елордада эпидемиологиялық жағдай оңалып келеді. Жаздың соңғы айы мен күздің алғашқы айын салыстырғанда коронавирустың таралу деңгейі 3,5 есеге төмендеген. Қатерлі індет өршіген сәтте ковидтік науқастарды емдеуге бейімделген 16 стационардың бүгінде тек 7-і, ал төсек орындардың төрттен бірі ғана қалған. Яғни 4 мыңнан 990 орынға қысқарған. Олардың өзі 58% толы. Реанимациялық орындардың жүктемесі 44% құрайды. Осы аптада 4 мыңға жуық сырқаттанушыны інтеттен айықтырған №1 қалалық аурухана да қалыпты жұмысына кіріседі. Иммундауға жататын елордалықтардың негізгі дені коронавирусқа қарсы екпе алды. «Ковидті толықтай жеңу үшін бұл аздық етеді», – дейді мамандар.

Тимур Муратов, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазір барлығы 84 вакцинация пункті, сондай-ақ еңбек ұжымдарын вакциналау үшін көшпелі бригадалар жұмысын жалғастыруда. Осы вакциналаудың және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың арқасында елордада сырқаттанушылық деңгейі төмендеді. Біз біртіндеп бұрынғы өмір ырғағына оралып жатырмыз. Карантиндік шаралар жеңілдетілуде.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов