Қазақстанда бір тәулікте COVID-19 індетін жұқтырғандар саны азайды

Қазақстанда бір тәулікте COVID-19 індетін жұқтырғандар саны азайды

Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус инфекциясының 645 жаңа дерегі анықталды. Бұл бір күн бұрынғыға қарағанда 69 адамға аз.

Атап айтсақ, бүгінде індет жұқтырғандардың ең көбі Алматыда 105 адам, Павлодар облысында 72 науқас және еліміздің елордасынан 58 адам тіркелді. Сондай-ақ ауырғандар Ақмола және Қостанай облыстарынан да анықталып отыр.

Еліміздің шығысында карантин шаралары 18 қаңтарға дейін ұзартылғанын атап өткен жөн. Бас санитарлық дәрігердің міндетін атқарушы Хамит Илюбаевтың қаулысына сәйкес, өңірде түрлі бұқаралық іс-шараларды, отбасылық мерейтойларды өткізуге тыйым салу сақталуда.

Сонымен қатар, 6 қаңтардан бастап Шығыс Қазақстанда аудандар мен қалалар арасындағы Жолаушылар тасымалы өз жұмысын қайта жандандырады. Жүргізушілер мен жолаушылар маска режимін сақтауға міндетті. Бұдан басқа, Ауыл, Уба, Бақты және Майқапшағай өткізу пункттеріндегі төрт санитариялық бекет өз қызметін жалғастыра бермек.

Айта кету керек, Атырау өңірі әлі де «қызыл» аумақта қала береді. «Сары» аумақтың тізімінде Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бар. Ал жалпы еліміз қазір «жасыл» аумақта, яғни қауіп-қатері аз елдердің қатарында тұр.