Өңірлерде вакциналау қарқынды жүруде

Өңірлерде вакциналау қарқынды жүруде

100% вакциналау. Ақмола облысының Жарқайың және Қорғалжын аудандарының иммундауға жататын тұрғындары түгелдей коронавирусқа қарсы толық егілген. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлайды. Ал облыс орталығы Көкшетау қаласында екпе алуы тиіс халықтың жартысынан астамы вакцина салдырған.

Айта кетейік, жалпы облыс бойынша қазір 280 мыңға жуық адам екпенің екі компонентін де салдырған.

Қанат Ысқақов, Көкшетау қаласының бас санитар дәрігері:

- Вакцинация екпіні бізде төмендеді, оны мойындаймыз. Қалада 66 744 адам екпенің бірінші компонентін алды. Бұл – 56,7%. Қазір осы жұмысты жандандыруға бар күшімізді салып жатырмыз. Шаһарға қосымша жылжымалы медициналық кешен алып келдік. Ол қазір Сарыарқа мөлтек ауданында тұр. Екі аптадан соң басқа жерге ауыстырамыз.

Ал Қарағанды облысы, Теміртау қаласы халқының 63% вакциналанды. Мұнда 4 бірдей жылжымалы кешен халық көп шоғырланатын орындарда екпе жұмыстарын жүргізуде. Олардың әрқайсысы күніне шамамен 20 адам қабылдайды.

Гүлім Шағалам, қала тұрғыны:

- Менің үш балам бар, жолдасым жұмыста. Біз далаға шығамыз, адамдармен қарым-қатынас жасаймыз. Сол үшін өзімді және өзімнің отбасымды аурудан сақтау және оның алдын алу, сондай-ақ балаларыма біз арқылы жұғып кетпес үшін осы қадамға бардым. Туған-туысқандарына жұқтырып алып өзін кінәламас үшін екпе салдырған абзал. Сақтық шараларын әрқашан сақтау керек.

Самат Зияшев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда үйде отыратын адамдар қалды. Яғни бұл – зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар. Біз тек белгіленген орындарда вакциналап қана қоймай, пәтерге дейін көтерілеміз. Жүре алмайтын адамдарды алдымен дәрігер тексереді, содан кейін ғана оларды вакциналайды.

Осылайша қазіргі таңда 62 мың тұрғын вакциналаудан өткен. Жыл соңына дейін Қарағанды өңірінің халқын екпемен толық қамту жоспарланып отыр.