ДДСҰ өкілдері QazVac өндірісін бағалау үшін елге келеді

ДДСҰ өкілдері QazVac өндірісін бағалау үшін елге келеді
lh3.googleusercontent.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері QazVac вакцинасының өндірісімен танысу үшін Қазақстанға келеді. Сапар барысында олар екпенің құрамын тексеріп, талдау жүргізеді. Жоспар бойынша олар келесі аптада келуі керек. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары әрі еліміздің Сыртқы істер министрі ұйымның бас директорымен Женевада болған кездесуінде айтылды. Мұхтар Тілеуберді, Тедрос Гебрейесусты ел Үкіметінің коронавируспен күрестегі шаралары және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде және өңірде инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу жөніндегі жаңа бастамалары туралы хабардар етті. Жиында тараптар Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Коронавирусқа қарсы ұлттық QazVac вакцинамыздың өндірісіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үлкен қызығушылық танытып отыр. Қазір вакцинаны тіркеу бойынша ұйыммен жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, вакцинаның өндірісі кезінде стандарттардың сақталуы бойынша мәселелер бар. Бұған біршама уақыт кететінін де түсінеміз. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хатшылығы және осы ұйымдағы серіктестеріміз жағынан көрсетілетін техникалық қолдау оны тіркеуге септігін тигізеді. Бұл Қазақстанға вакцинаны тек ел ішінде тұтыну үшін емес, коронавируспен күресте халықаралық қауымдастыққа көмектесуге де мүмкіндік береді.

Тедрос Адханом Гебрейеус, ДДСҰ бас директоры:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жеке елдердің өз вакциналарын жасап, оны өндіруін құптап отыр. Қазақстан өз вакцинасын шығарып жатқанына өте ризамын. Кездесуде талқылаған сауалдардың бірі қазақстандық вакцинаның жергілікті өндірісіне қатысты болды. Келесі аптада осы өндірісті тексеріп, талдау үшін Қазақстанға сарапшылар тобын жібереміз.

×