Қырғызстан QazVac вакцинасын қолдануға дайын

Қырғызстан QazVac вакцинасын қолдануға дайын

Бүгінде препаратты қолданысқа енгізу үшін қырғыз дәрігерлері тәуелсіз комитетінің нұсқауларын күтіп отыр. Қазақстанда шығарылған вакцинаның 25 мың данасы қайырымдылық көмек ретінде жеткізілген болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің өзі оны тезірек қолдануға мүдделі. Өйткені ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың 70% вакцина қабылдауы тиіс.

Гүлбара Ишенапысова, республикалық иммунопрофилактика орталығының директоры:

- Біздің дәрі-дәрмектер департаменті ұсынылған барлық құжатты қарастырып жатыр және жетіспей жатқандарын сұрап үлгердік. Сондай-ақ бұл вакцинаны сарапшылардың тәуелсіз комитеті де тексеруде, тиісті нұсқаулар алғаннан кейін бірден қолдана бастаймыз.

Осы уақытқа дейін Қырғызстанға ресейлік «Спутник V», еуропалық AstraZeneca, қытайлық Sinopharm жеткізілді. Ресейлік пен қытайлық препараттар бүкіл ел аумағында қолданылып келеді. Ең кең тарағаны және қолжетімдісі – Sinopharm препараты. Оны тіпті әуежайға ұшып келгенде салдыруға болады.

Алымкадыр Бейшеналиев, Қырғызстан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

- Кейбір аудан елдегі орташа көрсеткіштерден артта келеді. Вакциналау бойынша ақпараттық қолдауды күшейтуге тиіспіз. Бұл жұмысымызды тоқтатсақ, екпелерге қарсы түрлі жалған мәлімет тарай бастайды. Ал бұл ұлттық вакциналау науқанымызға кедергі келтіреді.

Айта кетейік, елде жаппай вакциналау басталғалы бері 586 мың адам екпе салдырды. Бұл – вакцина алуы міндетті халықтың төрттен бір бөлігі. Екпе салдыруда әсіресе, оңтүстік өңірдің тұрғындары белсенді.