Нұр-Сұлтанға «Sinopharm» вакцинасы жеткізілді

Қытайлық Sinopharm вакцинасының жаңа түрі Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Ол тәулік ішінде қалалық емханалар мен сауда ойын-сауық орталықтарындағы вакцинация пункттерінде қолжетімді болады.

Еске сала кетейік, препарат 18 жастан асқандарға ғана егіледі, сондай-ақ жүкті және босанған әйелдер, эпилепсиямен, жүйке жүйесінің аурулары, компоненттің біріне аллергиясы бар тұрғындар аталмыш екпені салдырмайды. Ал басқа диагноздары бар азаматтар дәрігермен кеңесуі қажет.

Бүгінде қытайлық вакцинаның тиімділігі 79% құрап отыр. Жалпы Қазақстан бұл жаңа вакцинаның 4 млн дозасын сатып алғаны белгілі. Енді елорда тұрғындарына екпенің үш түрі, яғни ресейлік «Спутник V», қазақстандық QazVac және Sinopharm қолжетімді. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарға мүмкіндігінше екі компонентті де бір вакцинация пунктінде алуға кеңес береді.