Елімізде карантин талаптары күшейтілді

Еліміздің бас қаласы осымен бірнеше апта қатарынан коронавируспен ауыру көрсеткіші бойынша антирейтингті бастап келеді. Күрделі эпидахуалға байланысты карантин талаптары тағы күшейтілді.

Атап айтсақ, сауда, ойын-сауық орталықтары дүйсенбі-жұма аралығында таңғы 10:00-17:00 дейін жұмыс істейді. Сенбі, жексенбіде «Ashyq» жүйесіне қосылғанына қарамастан жабылады. Бұл күндері тек дәріханалар мен азық-түлік дүкендері ашық болады. Ел аймақтарында да ахуал көңіл көншітерлік емес. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында бүгіннен бастап карантиндік жаңа шектеулер енгізілді. Өңірде демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді, банктер мен Халыққа қызмет көрсету орталықтары, сондай-ақ пошта бөлімдері жұмыс істемейді.

Мұхамғали Арыспаев, БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Шілдедегі жағдай өте күрделі. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2020 жылға қарағанда биыл өте көп, 60% көбейді. Мысалы, былтыр 3016 оқиға болса, биыл 5 128 оқиға болды. Осының бәрі инфекциялық қауіп төндіріп отыр. Қазір орындардың бәрі бос емес, мысалы облыстық клиникалық стационарда 98% орын жоқ деуге болады.

Алматы облысында да қосымша шектеу шаралары қабылданды. Демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді. Ал «Ashyq» жобасының QR-кодын алған қоғамдық тамақтану орындары жұмыс күндері кешкі сағат 20:00 дейін ашық болады. Сондай-ақ жобаға қатысатын ашық және жабық жағажайлар мен аквапарктер, аттракциондар жұмысын тоқтатуы тиіс.