Елордадағы шектеулер: қай мекемелер жұмыс істейді?

Елордалық мекемелер алдағы демалыс күндері жұмысын толық тоқтатады. Карантиндік және шектеу шараларын қатаңдату туралы қаулыға қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қол қойды.

Құжат 17 шілдеден бастап күшіне енеді. Қаулы ашық аспан астындағы дәмханаларға да қатысты. Ал жұмыс күндері мейрамханалар қонақтарды 17:00 дейін қабылдауы керек. «Ashyq» қосымшасы арқылы жұмыс істейтін тамақтану орындары болса, дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 20:00 дейін келушілерге қызмет көрсете алады. Сондай-ақ кәсіпкерлер баяғыша санитарлық нормаларды сақтауды ұмытпауы шарт. Ол – маска режимін, қашықтықты сақтау, сонымен қатар залдардың тек 50% ғана толтыру. Сенбі және жексенбі күндері қоғамдық көліктердің жүруіне тыйым салынады. Яғни, қалалық автобус маршруттарының жұмысы тоқтатылады. Ол күндері дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.

Авторы: Ақзер Сегізбай