Коронавирустың үндістандық нұсқасымен балалар 5 есе жиі ауырады

Әлем коронавирус індеті таралуының тағы бір маңызды кезеңін өткеруде. Ауыр індет қазіргідей вакциналау кезінде біржола жойылып кетпеу үшін белсенді түрде өзгеріске ұшырауда. Қазіргі таңда коронавирустың «дельта» нұсқасы британдық нұсқамен салыстырғанда 60% жұқпалы.

Ол індеттің бұған дейінгі түрлеріне қарағанда аса қауіпті. Бұл туралы бүгін ОҚК өткен брифинг барысында Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман мәлімдеді. Оның айтуынша, эпидемияның «дельта» нұсқасы екпе алғандар мен алмағандардың арасындағы кеңістікті одан әрі алшақтатып жіберді.

Алмаз Шарман, Профилактикалық медицина академиясының президенті, профессор, иммунолог:

- Балалар коронавирустың «дельта» нұқасымен 5 есе жиі ауыратын болды. Яғни COVID-19 «жасарып» кеткен. Бірақ инфекцияның бала ағзасында қаншалықты агрессивті дамитыны әзірге белгісіз. Ересек адамдарға келсек, екпе алмағандардың шалдығуы жоғары болып тұр. Сондықтан вакцина коронавирус инфекциясының «дельта» және өзге де нұсқаларына қарсы қолданатын жалғыз қару болып отырғанын тағы бір рет растаймын. Алайда бірінші компоненті «дельта» нұсқадан 17% нашар қорғайды. Екінші компонент алғаннан кейін қорғаныш қабілеті қалыпқа түседі.

Сондай-ақ иммунолог Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды айсбергке қарсы жүзген кемеге теңеді.

Алмаз Шарман, Профилактикалық медицина академиясының президенті, профессор, иммунолог:

- Әлемде қазір 3 млрдтан астам адам, яғни бұл дегеніміз әр 100 адамның 39-ы вакцина алған. Бірақ АҚШ, Израиль және Еуропа елдерінде вакциналау көрсеткіші жақсы болғанымен, әлемнің басқа өңірлерінде екпе қарқыны бәсең. Қазақстанда халықтың тек 17% ғана вакцинаның бірінші дозасын, 10% екі дозасын бірдей алған. Елдің 80% астамы екпе алмаған, сондықтан мен Қазақстанның жағдайын айсбергке қарсы жүзген кемеге теңер едім.

Айта кетейік, бүгінде вакцинация паспортын мемлекеттер арасында мойындау әрі пайдалану бойынша жұмыстар тиімді жүргізілуде. Қазіргі таңда Венгрия, Тайланд және Монғолия мемлекеті азаматтарының паспорттары препаратты қабылдау анықтамаларына сәйкес екі ел арасында мойындалады.