Дубайда қазақ суретшісі Сәуле Сүлейменованың көрмесі өтеді

elorda.info

Пластикалық пакеттен жасалған өнер туындылары. Дубайда қазақстандық суретші Сәуле Сүлейменованың ерекше көрмесі өтеді. Талант иесі Әмірліктерде көрме өткізуге арнайы шақыру алыпты. Экспозицияның ашылуы 9 наурызға жоспарланған.

СӘУЛЕ СҮЛЕЙМЕНОВА, СУРЕТШІ:

 - Көрмеге «Келін» атты картинамның кішкене түрін қоямын. Бұл қойылым лайф-шоу болады. Сондай-ақ «Үш келін» атты туындымды да көрмеге шығармақпын. Бұл – менің үш қыздан тұратын композициям. Сәукеле киген, енді тұрмысқа шыққалы жатқан және тұрмысқа шыққан қыздар туралы. Мен үшін олардың қарапайым, өте жас қыздар болуы өте маңызды. Оны жасауға мұрағаттағы фотосурет негіз болғанын айтқым келеді. Бұл – 1879 жылғы фотосурет. Ол менің шабытымды шақырып, бірқатар жұмыстарыма негіз болды. Сонымен қатар бұл көрмеге «Самвей Инзегрейд стет» атты «Ұлы Далада» жобасынан өз жұмыстарымды қоймақпын.

Суретші «целлофанды кескіндеме» жанрымен 2017 жылдан бері айналысады. Ол қазіргі заманның жаһандық проблемаларына өнер арқылы көзқарас білдіруге ықыласы сол кезде туындаған. Содан бері шебердің қолынан түрлі тақырыптағы көптеген жұмыстар дүниеге келді. Дегенмен автордың басты мақсаты – өзінің шығармашылығы арқылы қазақтың ұлттық салт-дәстүрін дәріптеу.

Айта кетейік, Сәуле Сүлейменова туындыларына арналған қажетті материалдарды өзі жинайды.

СӘУЛЕ СҮЛЕЙМЕНОВА, СУРЕТШІ:

 - Егер мен ұлттық бейнелерге жүгінсем, сол арқылы еліміз туралы, біздің салт-дәстүріміз туралы өзгелерге баяндай аламын. Ұлттық бейне арқылы жалпы әлемдік проблемаларды көтеріп жүргенім өзіме ұнайды. Таныстарым түрлі-түсті пакеттерді, кәдесый, той пакеттерін арнайы алып келеді. Маған бәрінен де тойдан қалған пакеттер қатты ұнайды. Олар ерекше әдемі.

Қазақстандық суретшінің көрмесі Art Dubai заманауи кескіндеме халықаралық жәрмеңкесіне орайластырылғанын атап өткен жөн. Бұл – тек Араб Әмірліктерінің ғана емес, әлемдік өнердің мәдени күнтізбесіндегі ең жарқын оқиғалардың бірі.

 

Авторы: Ақзер Сегізбай

×