Қазақстандық суретші ертегі-аңыз кейіпкерлеріне жан бітірді

Теңізді мекен еткен жылқылар, мәңгілік өмір ағашы, Қоңыр Ар атты жұмбақ аң. Қазақстандық суретші Жанар Ерланқызының туындыларында түркі мифологиясындағы кейіпкерлерге жан бітеді. Ол көне аңыздарды негізге ала отырып, ұлттық нақышта картиналар салады және әлеуметтік желідегі парақшасында өз еңбектерімен бөліседі. Тиісінше әрбір картинаны жүктеген сайын оқырмандар саны да артып келеді. Шебердің шығармаларына қызығушылық танытушылар арасында қазақстандықтармен қатар шетелдіктер де бар. 

Жанар Ерланқызы, суретші-иллюстратор:

- Менің бір кездері түркі мифологиясына қызығушылығым артып, аңыз  кейіпкерлерін суреттеп, бейнелей бастадым. Алғашында өзім үшін салдым, кейін суреттерді әлеуметтік желіге жүктей бастадым. Осылайша, бұл тақырып кеңейіп, дами түсті.

Суретшінің түркі мифологиясы тақырыбына арналған жұмыстарын жазылушылар жоғары бағалады. Себебі бұл жай әдемі картиналар ғана емес, мағынасы терең жұмыстар. Әрбір туынды ежелгі аңыздың қайта тірілуіне жол ашады. Жанардың оқырмандары оны әлеуметтік желіде «Ерке» деген лақат ат арқылы таниды. Мысалы, оның жұмыстары арқылы біздің арғы ата-балаларымыз бағзы заманда су айдындарында сиқырлы тұлпарлар мекен етеді деп сенгенін білуге болады. Бұл аңыз әсіресе Маңғыстау аймағында кең тараған. Сондай-ақ иллюстратордың жұмыстары арасында орман перісі Серей туралы да картина бар.

Жанар Ерланқызы, суретші-иллюстратор:

- Мен қазақ халқының мәдениетінен, түрлі мифологиялық оқиғалардан, тіпті ертегілерден шабыт аламын. Кейде көз алдыма бір бейне келеді, сосын оны саламын, кейін бір оқиғамен байланыстырамын.

Жанар өз шығармашылығында әлеуметтік тақырыптарды да көтереді. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалардың құқығын қорғау мәселелері. Шебердің айтуынша, кейде бір картинаны салу үшін бірнеше апта кетеді. Сондай-ақ Жанар иллюстратор ретінде түрлі баспалармен белсенді қатынас орнатқан.

Авторы: Ақзер Сегізбай