Бизнес-идеяларды жүзеге асыруға грант бөлінеді

Бизнес-идеяларды жүзеге асыруға грант бөлінеді

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 650 өтеусіз грант бөлінеді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Әсемгүл Ташметова ісін енді бастаған кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдаудың қаншалықты маңызды екенін біледі. Бүгінде ол жеңілдетілген несиені пайдаланып, өз цехін ашқан. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, «Бизнестің жол картасы» аясында грант ұтып алудан үмітті.

Әсемгүл Ташметова, кәсіпкер:

- «Бастау» бағдарламасы бойынша оқуымды аяқтап, сертификат алып, бизнес-жоспар жазып, 6% жеңілдікпен несие алдым.

Ал облыстың Мағжан Жұмабаев ауданының 400-ден астам тұрғыны мемлекеттен өтеусіз қаржылық қолдау алған. Бұл жұмыс ұлттық «Кәсіпкерлікті дамыту» жобасы аясында жалғасын табады. Грант көлемі 200 АЕК-тен 400-ге дейін, яғни 1 млн 225 мың теңгеге екі есе ұлғайтылды.

Ғабит Сақтағанов, Мағжан Жұмабаев ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Биыл әзірше 46 грант қарастырылды. Сан ұлғаюы мүмкін. Әрине, оның ішінде өзінің санаттары бар. Мысалы, ондай санаттарға 29-ға толмаған жастар, мүгедектігі бар азаматтар, аз қамтылған, көпбалалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар кіреді.