Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім жалғасуда

Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім жалғасуда

Қазақстан 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есеге арттыруды жоспарлауда. Бұл орайда өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріліп отыр. Қазірдің өзінде бұл саланың барлық дерлік бағытында даму көрсеткішінің қарқын ала түскені байқалады. Мәселен, салада тек өткен 10 айдың ішінде былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3% өсім тіркелген. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті. Оның дерегінше, биыл индустрияландыру картасы аясында өңірлерде жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 139 жобаны іске қосу межеленген. Бүгінде 1 трлн теңге жұмсалған 83 бастама қолданысқа берілген. Ал 2025 жылға дейін тағы 500 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделген. Олардың жалпы сомасы 13 трлн теңгеден асып жығылады. Бұл – елдегі құрылыс, тау-кен металлургия кешені, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика салаларындағы кәсіпорындар.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Жалпы алғанда 2025 жылы жаңа жобаларды іске асыру және жаңадан шаралар қабылдау арқылы өңдеу өнеркәсібінің жылдық көлемі 19 трлн 700 млрд теңгеге, өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынатын инвестиция 3,5 трлн теңгеге, шикізат емес тауарлардың экспорты 21 млрд 800 млн АҚШ долларына жеткізіледі. Технологиялық жағынан күрделі тауарлар өндірісін және экспортты арттыру есебінен Қазақстан экономикалық күрделіліктің әлемдік индексінде 69-шы орынға көтерілді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов