Азия Даму банкі Қазақстан жолдарының құрылысын қаржыландырды

Азия Даму банкі қазақстандық жолдарды жаңғыртуға 2 млрд доллардан астам қаржы құйды. Оның үштен бірі Маңғыстау облысының күре жолдарын жақсартуға бағытталды. Нақтырақ айтсақ, жалпы құны 650 млн долларды құраған инвестициялық жоба аясында өңірде 452 км жол жаңадан салынды. Бұл – Бейнеу мен Ақтау қаласын байланыстыратын автомагистраль. Нәтижесінде осы аралықта қатынау уақыты екі есеге дейін азайған.

Нариман Маннапбеков, Азия Даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры:

- Жолды жаңғыртуға бағытталған құрылыс жұмыстары жасалғанға дейін Бейнеуден Ақтау портына жету үшін 12 тіпті 14 сағатқа дейін уақыт жұмсалатын еді. Бұл – аса үлкен аймақтық маңызға ие стратегиялық порт. «Орталық Азиялық өңірлік экономикалық ынтымақтастық» бағдарламасы аясында бұл мәселе өз шешімін тапты. Сондай-ақ 2-ші халықаралық дәлізді кеңейтіп, оны дамытуға мүмкіндік берді. Осыған орай Қазақстан бұл порт арқылы Еуропаға және Еуропадан кері Азияға жүк ағынын арттыруға, транзиттік әлеуетін еселеуде бірқатар артықшылыққа ие.

Қарасай Тайлақов, жүргізуші /Қазақстан/:

- Бұрынғы жолдарға қарағанда өте жақсы деп айтуға болады. Мысалы, 5 сағат жүретін жолды қазір шамамен 2 сағатта жүріп өтуге болады. Барлық жол белгілері, демалыс орындары, эстакадалар белгіленген.

Қазір Манаша-Шетпе, Шетпе-Ақтау, Жетібай-Жаңаөзен бағытындағы және Жаңаөзен қаласындағы жолдың деңгейі 1-ші және 2-ші дәрежеге келтірілген. Яғни екі және төрт жолақты. Оның сапасы жүргізушілерге сағатына 120 км жылдамдықпен жүйткуге мүмкіндік береді.

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

- Маңғыстау өңірінің мұнайға бай екені баршаға мәлім. Сонымен қатар бұл аймақтың төрт түлігі де сай. Үлкен жылдамдықпен ағылып қатынайтын көліктер үй жануарларының жолды қауіпсіз кесіп өтуіне еш кедергі емес. Себебі жаңа жолдың бойында жер асты өтпелдері көптеп салынған. Мамандардың айтуынша, бұл маңайдың тұрғындары малды бағып күтуге баса ден қояды.

Жол бойында заманауи демалыс орындары, көлікті тексеру және жөндеу, жанармай құю бекеттері мен тұрақтар салынған. Сондай-ақ дүкендер мен тамақтану орындары да бар. Бұл өңірде кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін береді. 

Гүлнұр Сақтағанова, кәсіпкер:

- Жаңа жол салынғалы кәсібіміз дамуда. Осы жолдың арқасында жан-жақтан тұтынушылар келуде, олардың ішінде тіпті шетелдік туристер де бар.

Жаңадан төселген жайлы тасжолдың туристер ағынын еселеуде де үлесі басым болды. Сырт ел саяхатшыларының қатары біршама артқан. Халықаралық дәліздің бойында жергілікті және шетелдік зиярат құрушылар көптеп келетін Бекет ата жерасты мешіті сынды кеңге танымал біршама тарихи және киелі мекендер бар.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов