2022-2024 жылдары Ұлттық қордан 6,6 трлн теңге бөлінеді

2022-2024 жылдары Ұлттық қордан 6,6 трлн теңге бөлінеді

Қазақстанның Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдары 6,6 трлн теңге бөлінеді. Қаражат зейнетақыны өтеуге жұмсалады. Тиісті заң жобасы Мәжілісте мақұлданды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім еткендей, Ұлттық қорға түсетін таза түсімдер ұлғаюда. Мысалы, келер жылы 445 млрд теңге түседі делінсе, 2024 жылы 1,5 трлн теңге болады деп болжануда. Бұл Ұлттық қордың валюталық активтеріне де оң әсерін тигізеді. 2024 жылы олар 61,6 млрд долларға жетуі мүмкін. Десек те 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет шығысы 47 трлн теңгеден асады. Қаражат қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатына жұмсалады. Атап айтқанда денсаулық сақтауды дамытуға 5 трлн теңгеден астам, ғылымға 7 трлн, педагогтер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға 4 трлн теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланып отыр.

Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшерлерін 2022 жылы 2,4 трлн теңге, 2023 жылы 2,2 трлн теңге және 2024 жылы 2 трлн теңгеге белгілеу ұсынылады. Кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағыттау ұсынылады.

Сондай-ақ осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ өсімі 3,4% құрады. Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша, әлемдік және ұлттық экономикалардың осындай тез қалпына келуі жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру бағдарламалары мен жеңіл ақша-кредит талаптарының нәтижесінде мүмкін болды. Сонымен бірге бұл факторлар тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне және әлемдегі инфляциялық қысымның айтарлықтай өсуіне әкелді.

Авторы: Ақзер Сегізбай