Қазақстанда ірі мұнай-газ-химия жобалары іске асырылады

Қазақстанда ірі мұнай-газ-химия жобалары іске асырылады

Қазақстанда жалпы құны 12 млрд доллардың мұнай-газ-химия жобалары жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, елімізде полипропилен, метанол, полиэтилен, май және тағы да басқа ірі өндірістер іске қосылады. Қазір жобалар әзірлену үстінде.

Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Татарстан мұнай-газ-химиясы форумында сөйлеген сөзінде айтты. «Біз осы саладағы жобаларды табысты іске асыру үшін барлық қажетті мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін боламыз. Қазіргі уақытта Үкімет мұнай-газ-химия саласында арнайы инвестициялық келісім әзірлеуде, онда осы саланы дамытуға инвестицияларды ынталандыруға бағытталған ерекше преференциялар қамтылатын болады», - деді сала басшысы.

Бұл ретте ол Қазақстан мен Ресей арасында осы бағыттағы ынтымақтастық тығыз екенін атап көрсетті. Бутадиен өндірісін ашу туралы келісім – айқын дәлел. Оның өнімдерін Ресей, Еуропа, Түркия және Қытайға жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта Қазақстанда хошиісті көмірсутектер, жағармайлар, полипропилен және бензинге арналған октан қанықтыратын қоспалар өндіретін зауыттар табысты жұмыс істеуде. Аталған кәсіпорындардың тауарлары ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие, сондай-ақ Қытай, Ресей, Өзбекстан және т.б. көрші елдерге экспортталады.

Авторы: Ақзер Сегізбай