Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы өсті

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы өсті

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналым 2020 жылдың соңында 55% өсті. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, қос тарап арасындағы жалпы тауар айналымының көлемі 624 млн долларға жеткен. Оның 90% астамын экспорт құрады. Біздің елден Ауғанстан нарығына өнімнің 45-тен астам түрі жеткізіледі.

Атап айтар болсақ, бұл – мұнай-химия, металлургия, машина жасау, химия, жеңіл, ағаш өңдеу, жиһаз және тамақ өнеркәсібінің өнімдері. Әсіресе ұн экспорты басым. Ал Ауғанстаннан Қазақстанға негізінен жүзім мен цитрус жемістері импортталады. «Алайда ауған жеріндегі соңғы ахуалдар бұл мемлекетпен сауда-саттық жолдарын қайта пысықтауға мәжбүрлейді», – дейді сарапшылар.

Евгений Ган, Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті:

- Бұған дейін біз жүктің қауіпсіздігі туралы ойланған жоқпыз. Ендігі жағдай басқа. Қазір Ауғанстандағы банктер жұмысын бастай ма, жоқ па, ол да сұрақ болып тұр. Халықаралық қаржы ұйымдарының әрекетін болжау қиын. Дегенмен елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет. Менің ойымша, ай соңына дейін кіммен және қалай жұмыс істейтініміз нақтыланып қалар. Осы саяси жағдайға қарамастан, Ауғанстан қазақстандық ұн мен астықты сатып алатынына сенімдімін.