Қазақстанда экотуризмге 30 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады

Қазақстанда алдағы жылдары экотуризм саласының әлеуетін арттыру үшін 30 млрд теңгеден астам инвестиция құйылады. Бұл қаражат еліміздегі 4 ұлттық паркті дамытуға бағытталмақ. Осылайша, ішкі туристермен қатар шет мемлекеттерден келетін саяхатшылардың ағынын еселеу көзделіп отыр. Бұл – Алтынемел, Шарын, Көлсай және Іле-Алатау табиғи парктері. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитетінің төрағасы мәлімдеді.

Дастан Рыспековтың айтуынша, бұл табиғи аумақтарда визит орталықтары салынады. Онда экологиялық демалыс үшін қажет бар мәліметпен қатар жалға түрлі туристік жабдықтар алуға болады. Сондай-ақ онда глэмпингтер, кемпингтер, байқау алаңы, демалыс орындары мен автотұрақтар пайда болады. Аталмыш ведомства басшысының сөзінше еліміздің тұмса табиғаты мен әсемдігін барынша тануға мүмкіндік беретін жайлы орталықтар өзге де парктерде ендірілмек. Осындай игі бастаманың бірі жақында қолданысқа берілген.

Дастан Рыспеков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің туризм комитетінің төрағасы:

- Іле-Алатау ұлттық паркіндегі Аюсай шатқалының аумағында орналасқан визит орталығын көбісі көрген болар. Оны инвестор салды. Дәл осы визит орталыққа келген қонақтар бұл аумақтағы барлық туристік бағытпен танысып, ақпарат ала алады. Сол жерде жалға велосипед беріледі. Гидтердің көмегін пайдалануға болады.

Сарапшылардың пайымынша, экологиялық демалыс туризм индустриясында ең жылдам дамып келеді. Себебі әлемдік саяхатшылардың төрттен бірі дәл осы демалыс түрін таңдайды. Табиғатпен үндесе демалғанды қалайтындар қатары жыл сайын кемінде 20% өсіп тұрады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов