Жаңа экологиялық кодекс күшіне енеді

Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды жоюға арналған зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл еліміздің полигондарына тасталатын қоқыстардың көлемін азайтуға сеп болмақ. Жыл сайын Қазақстанда 5 млн тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдық және 1 млрд тоннаға жуық өнеркәсіптік қалдық түзіледі.

Айта кетейік, бүгіннен бастап жаңа экологиялық кодекс заңды күшіне енді. Құжат концепциясына экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Еуроодақ елдерінің озық үлгідегі тәжірибелері ендірілген. Ондағы басымдықтар жаңартылған энергия көздері және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты еуразиялық форум аясында талқыланды. Жиынға қатысушылар өндірістік, құрылыс және медициналық қалдықтарды өңдеуге қатысты пікір алмасты. Сарапшылардың пайымынша, бұл мәселенің алдын алмаса экологиялық және әлеуметтік-экономикалық салдары ауыр тиюі мүмкін.

Виталий Времиш,  Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары:

- Біз еліміздің үш бірдей аймағында қолға алған пилоттық жоба аяқталды. Енді ғана жүзеге асқан қанатқақты бастама аясында жаңа қондырғылар ендіріліп, медициналық қалдықтарды жоюға қатысты қалыпты үрдістер құрылды. Осы текті тренингтердің барысында жаңа қондырғылар жеткізуге қатысты талаптар енгізілді. Біз сондай-ақ түрлі қолданыстағы тәжірибелерді зерттей келе ұлттық деңгейдегі тарапқа жүйелі жұмыс істеуге қажетті ұсыныстар бердік.

Спикердің айтуынша, Қазақстан «жасыл экономика» саясатын қолдау аясындағы үздік деген халықаралық тәжірибелерді өзіне сәтті ендіріп, өңір бойынша көш бастап келеді.

Виталий Времиш,  Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары:

- Қазір Қазақстанда қолданылып жүрген озық үлгідегі саяси және стратегиялық іс-шаралардың маңызы айрықша.  Біз жиын барысында 2013 жылдан бері жұмыс істеп келетін «жасыл экономика» тұжырымдамасының маңызына тоқталдық. Оған жаңа экологиялық кодексте бар талаптар енгізілді. Сондықтан тағы бір айта кеткім келетіні саяси іс-шаралар бойынша Қазақстан көш бастап келеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов