Ұлы Жібек жолының маңызды бөлшегі болған Сауран қаласынан бүгінде не қалды?

Ортағасырлық Карнақ қаласы кезінде несімен танымал болды? Мыңжылдық ағашты қайдан көруге болады? Ұлы Жібек жолының маңызды бөлшегі болған көне Сауран қаласынан бүгінде не қалды? Оңтүстік Қазақстан шөлдерінде ашылмаған тағы қандай құпиялар бар және археологтар қазба жұмыстары кезін де не тапты? Бұл туралы «Қазақстанға қош келдіңіздер!» жобасының жаңа шығарылымында баяндаймыз.

Қарнақ ауылы Түркістан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан. Ол туралы алғашқы деректер тарихшы Махмуд Қашғаридің 1074 жылғы жазбаларында кездеседі. Ол Қарнақты оғыздардың қаласы деп жазған. Бір кездері Қарнақ ортағасырлық мәдениеттің орталығы болған, мұнда 20-дан астам мешіт пен медресе орналасқан. Шаһарда шойын, қорғасын, мыс және басқа металдардан түрлі бұйымдар жасалды. Тіпті, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі алып тайқазан дәл осы ауылда жеті түрлі металл қорытпасынан құйылған. Былғары өндірісі де өркендеген - аяқ киіммен ат әбзелдері жасалды мұнда.

Қарнақ ауылының 2000 жылдық тарихы бар.Оның ең көне ескерткіштерінің бірі-Шаммұхаммед Ишан мешіт-медресесі. Бүгінде бұл музей. 1896 жылы ғимаратта медресе, 1910 - 1928 жылдар аралығында балалар үйі орналасқан, ал 1980 жылдары әбден есікрген нысан жергілікті тұрғындардың күшімен қалпына келтірілді.

Бірақ Карнактың басты мақтанышы – 1300 жылдық тұт ағашы. Оны айнала қоршау үшін ондаған адам керек. Биіктігі 9 метрге жетеді. Жергілікті халық оны мажратут деп атайды. Ағаш өз салмағына шыдамай, баяғыда-ақ құлап қалар еді, бірақ қарнақ тұрғындары оған ұдайы қамқорлық жасайды: тіректерді қояды, діңгегі мен тамырларын күтіп-баптайды.

Бірақ таңғажайып тарихи орындар Қарнақпен ғана шектелмейді. Түркістан-Қызылорда тас жолымен жүріп келе жатсаңыз, ортағасырлық бекініс қабырғалары назарыңызды еріксіз аудартады. Олар жазық далада қайдан пайда болды? Түркістаннан 45 шақырым жерде Сауран қалашығы бар. Мұнда археологтар қазба және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сауран туралы алғашқы деректер біздің дәуіріміздің оныншы ғасырында жазылған.

Қазба жұмыстары Сауранның өте дамыған қала болғанын көрсетеді. Мысалы, қазіргі заманғы унитаздардың алғашқы керамикалық нұсқалары табылған. Бұл Орталық Азиядағы ең көне археологиялық олжа. Жазбалары бар құмыраларға қарағанда, ежелгі заманда жергілікті тұрғындар жазу-сызуды білген көрінеді. Моңғол шапқыншылығына дейін шаһар инфрақұрылымы жақсы дамыған.

Археологиялық экспедиция жыл сайын жер астынан ежелгі Сауранның жаңа құрылыстарын табуда. Жуырда ғана мұнда XIV-XV ғасырлардағы бірегей ақша сарайын анықтады. Бір кездері ол күйдірілген кірпіштен жасалған үлкен сәулет нысанының бір бөлігі болған. Дәл осы жерде алғашқы қазақ мемлекеті – Ақ Орданың теңге сарайы орналасқан болса керек. Сол кездегі Орта Азиядағы ең ірі қалалық Жұма мешіті де үлкен қызығушылық тудырады. Басқа аңыздарда Саураннан Түркістанға дейін бір кездері жерасты өткелдері болған дейді. Биік болғаны сонша, онымен салт аттылар да қатынаған деседі. Бұл жерасты жолдары, шындығында, тау суларының ағуы үшін пайдаланылған кәріз деп аталатын кең туннельдер. Олар қаланың сумен жабдықтау жүйесінің бір бөлігі болды, кәріздердің қалтқысыз қызмет етуін қадағалайтын арнайы адамдар да болған. Болашақта қазба жұмыстары барысында ежелгі Сауранның басқа да құпиялары ашылатыны сөзсіз