Әйтеке би жерленген қасиетті Нұрата

«Бабалар ізімен» экспедициясы керуен сабының бұл жолғы аялдамасы – Науаи облысы. Көршілес Өзбекстан Республикасында 1 млн-дай қазақ тұрса, оның ішінде Нұрата ауданында 50 мыңға жуық ағайын мекен етуде. Қазақтың салт-дәстүрінің қаймағын бұзбай сақтап келген бұл жерде Әйтеке бидің кесенесі орналасқан. Әйтеке бидің осы жерде мәңгілікке дамыл тапқаны осыдан ширек ғасыр бұрын белгілі болды. Тіпті мұнда Әйтеке бидің ата-балалары да жерленген екен.

Кіші жүз биі Әйтекенің Нұрата өлкесінде жерленгенін кімдер, қалай анықтады? Әйтеке бидің Самарқанның әмірі болған Жалаңтөс Баһадүрмен қандай туысқандық қатынасы бар? Әмір Темір мен Әйтеке бидің бесінші атасы Ораз қажыны не байланыстырады? Бұл сұрақтарға экспедиция мүшелері жауап іздеп көрді.