Екідің ескерткішінің құпиясы

Қостамда жерленген Айқожа мен Байқожа билер туралы не білеміз? Халықтың өзі хан көтерген Әбдіғапар Жанбосынұлының Торғай өңірінде демократиялық жүйе қалыптастырғанын қандай ақпарат растайды? Екідің ескерткіші жаугершілік заманда қандай мақсатта қолданылған? Кенесары ханның өз ордасын Торғай бойына көшіруіне Жәуке сынды батырлар қалай әсер еткен? «Тарихты тұлғалар жасайды» деген түсінік бар. Ал Ұлы далада аты аталмай, ерлігі ескерілмей жүрген тұлғалар баршылық. Олар заманында ел қамын жеген ерлер болса да, бүгінде есімдері елдің бәріне таныс емес. Белгілі бір ауыл-аймақ деңгейінде ғана айтылады. Міне сол олқылықтың орнын толтырмақ ниетпен, Сапар Ысқақұлы бастаған экспедиция жолға шықты. Керуен сапының бұл жолғы аялдамасы – топырағын түртсең қалың қатпарлы тарихтың беті ашыла кететін киелі Торғай өңірі.