«Қыпшақ» қолбасшы Тутух 2000 пілдің бетін қалай қайтарды?

Ғылыми экспедиция Мьянмада. Паган патшасы неге биік қамал салдырды? Тегі «қыпшақ» қолбасшы Тутух қарсы шапқан 2000 пілдің бетін қалай қайтарды? Шведагон пагодасында бабаларымыздың ізі бар ма?

Мьянма – Оңтүстік Шығыс Азиядағы Үндіқытай түбегінде орналасқан мемлекет. Жер аумағы бойынша әлемде 39-шы, халқының саны бойынша 25-ші орында тұр. Мьянмада XI-XIII ғасыр аралығында Паган патшалығы өмір сүрген. Құбылай ханның үш шабуылынан кейін еңсесін көтере алмаған күйі патшалық құлаған. Сол үш жорыққа да моңғол қағанының әскері құрамында біздің бабаларымыз қатысқан. Сапар Ысқақ бастаған топ сол патшалықты көру үшін Янгоннан Ньяунг-Уқа ұшты. Қазіргі таңда ежелгі патшалық орны археологиялық аймаққа айналған.

Паган археологиялық аймағы – бүгінгі таңда Мьянмадағы туризм индустриясының өзегі. Мұндағы небәрі 40 шаршы шақырым аумақта сәулеті таңдай қақтырар 4 мыңға жуық ғибадатхана сақталған. Олардың басым бөлігі XI-XIII ғасыр аралығында салынған. Бұл археологиялық аймақ 2019 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірді.

1271 жылы Қытай жерінде қытай әкімшілік үлгісінде империя құрған Құбылай хан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы барлық патшалыққа елші жібереді. Юань империясын мойындап, салық төлеуді міндеттеген хат-хабар будда дінін берік ұстанатын Паган патшалығына да жетеді. Бірақ Паган патшасы хатты жауапсыз, тіпті елеусіз қалдырады. Араға екі жыл салып, моңғол қағаны екінші рет ескерту жолдайды. «Юань ши» жылнамасындағы деректерге сүйенсек, Паган патшасы Наратихапати Құбылайдың бұйрығын жеткізген елшілердің басын алады. Ашуға булыққан қаған Мьянмаға қалың әскерін аттандырады. Бұл 1277 жыл еді.