Тегі «жалайыр» қолбасшы Согату неге жеңілді? Вьетнам. Хайфондағы ұлттық музей

Ғылыми экспедиция Вьетнамда... Сапар Ысқақ бастаған топ Вьетнам қалаларынан бабаларымызға қатысты қандай дерек тапты? Тегі жалайыр қолбасшы Согату неге жеңілді? 8 ғасырлық тарихы бар мұнара қандай сырды бүгіп тұр?

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Вьетнамнан ата-бабаларымызға қатысты көп дерек тапты. Әсіресе, Хайфондағы ұлттық музейдің бай қорында XIII ғасырдағы қанды шайқастан қалған артефакті мол екен. Үшкір қадалардың көмегімен қайық-кемелерді талқандағанда моңғол әскерінің заттары су түбіне кеткен. Сол бұйымдарды музей мамандары көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізген. Құбылай ханның қалың қолы тұтынған форфордан жасалған әртүрлі ыдыс-аяқ, қыш құмыралар, хумдар ұлттық музейдің экспозициясында тұр. Сондай-ақ сол заманның басты қаруы болған қанжар-қылыштарды да осы жерден көруге болады.

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Хайфондағы зерттеу жұмыстары аяқталған соң, Вьетнамның Дананг қаласынан 300 шақырым қашықта жатқан Куиньон провинциясын бетке алды.

Куиньон – Вьетнамның оңтүстігінде орналасқан. Аумағы – 6 мың шаршы шақырым, халқының саны – 1,5 млн. Оңтүстік Қытай теңізінің жағасында жатқан таулы, нулы, сулы көрікті мекен. Вьетнам территориясында VII-XVII ғасырларда өмір сүрген Чампа патшалығының астанасы болған. Ол замандағы атауы «Виджая» еді.