Қазақстандағы күзгі аңшылық маусымы

Күз – табиғаттың сыйына бай, берекелі жыл мезгілі. Пысынатқан аптап ыстық басылып, кешке суытып, ал ертеңгісін тұман түседі. Табиғат дамылдап, мүлгиді. Тау етегіндегі ормандар жабайы алма мен жеміске толған. Айналаның бәрі сарғайып, күрең түске боялған.

Қазақстанда қыркүйек айында аңшылық маусым басталады. Сондықтан қоңыр күзді аңшылар мен балықшылар асыға күтеді. Суда жүзетін жабайы үйрек пен қаздарды, қырғауылды атуға рұқсат. Биологтардың айтуынша, жергілікті фаунада тіршілік ететін тауық тәрізді құстар өте тез көбейеді. Жыл сайын ондаған, не одан көп балапан басып шығаратындықтан, құстар популяциясы зардап шекпейді.