Сарыесік-Атырау шөл даласы және Тауқұмға саяхат

Қарақұйрық Қазақстанның оңтүстігіндегі шөлді жерлер мен тау етегіндегі далаларды мекендейді. Осы бір сұлу жануарларды іздеп, жолға шыққан Outdoor World командасы Сарыесік-Атырау шөл даласын, Тауқұмның құмдарын басып өтіп, мыңдаған көл мен өзен тармақтарынан тұратын өлкеге тап болды. Біз шөл даланың құмнан ғана, ал өзен алқабының судан ғана тұрмайтынын білдік.        

Бүгін біз шөл далаға саяхат жасаймыз, Қазақстан фаунасының ең көрікті өкілдерінің бірі, Ұлы Даланың көркін кіргізетін ерекше сұлу аң – қарақұйрықты өз көзімізбен көріп қайтамыз. Сондай-ақ, Алматы облысындағы ең үлкен шөл даланы кесіп өтеміз, Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағын аралап, Іле өзені атырауына қарасты сулы-батпақты жерлермен танысамыз.