Талдықорған: туристік жерлер, табиғаты, тарихы

Бағдарламаның бүгінгі шығарылымында сапарымызды Талдықорған қаласынан бастап, бұрынғы Талдықорған облысының 500 шақырымнан астам жерін аралап шығамыз. Осы өлкенің көне тарихымен және заманауи туристік дестинацияларымен танысамыз.     

Алматы – Талдықорған автобаны – Жетісудағы ең басты күрежол болып саналады. Ол – Оңтүстік астанамызды облыс орталығымен байланыстырып жатыр. Жазда, саяхатшылар маусымы қызған кезде, бұл тасжол әрі-бері ағылған көліктерден босамайды. Талдықорған, өзінің аты айтып тұрғандай, тал-терегі мол, әрі оба-қорғаны көп жер.

Талдықорған ауылы «қала» деген мәртебеге 1944 жылы ие болды. Ол 1967 жылдан бастап, 2001 жылға дейін Талдықорған облысының орталығы болды, ал 2001 жылы екі облысты біріктіргеннен кейін, Алматы облысының орталығына айналды.