Жоңғария – тұмса табиғат өлкесі

Бұл жолы OutdoorKZ командасы ат басын Жетісу Алатауына қарай бұрды. Алматыдан көлікпен шықсаң, бұл таудың оңтүстік-батыс сілемдеріне екі сағатта жетіп баруға болады. Ал оның ең биік бөлігіне жету үшін, бір апта уақыттың өзі аздық етеді! Ол жақта автокөлік жүретін жол жоқ, кейбір жерлерде жылқының өзі жүре алмайды. Бұл – Қазақстандағы жолы ең қиын жерлердің бірі! Бірақ соның арқасында тұмса табиғатқа құмар жандарды өзіне еріксіз тартып тұратын жер!    

Жетісу мен Жетісу Алатауын бұрын Жоңғар Алатауы деп атады. Бұл атау Қытай географиясынан алынған. Өйткені тау жотасы оңтүстік-батысында Жоңғар жазығына барып тіреледі. Ал солтүстік баурайы мен оңтүстік-батыс сілемі Жетісу өлкесіне қарай созылып жатқандықтан, Қазақстанда оны Жетісу Алатауы деп атайды.