Глэмпинг: туризмнің жаңа түрі жайында не білесіз?

Туризмнің жаңа түрі – глэмпинг – бұдан он бес жыл бұрын, Англияда пайда болған еді, енді міне, осы аз ғана уақыттың ішінде бүкіл әлем бойынша үлкен танымалдыққа ие болып отыр.

Глэмпинг – табиғат аясына шығып, жайлы түрде демалу деген сөз. Жабайы табиғаттың тыныштығы мен әсемдігінен ләззат алғысы келетін, алайда жорық кезіндегі тұрмыстық тауқыметтерді өз мойнына алғысы келмейтіндер көп. «Сынақ» түсірілім тобы мобильді глэмпинг турға аттанды.

Алматы қалалық агломерациясынан шығып барамыз. Алғашқы тоқтайтын жерімізге жеткенше, Батыс Қытай-Батыс Еуропа заманауи тас жолымен екі жүз шақырым жүріп, одан кейін Күнгей Алатауына қарай бұрылуымыз керек. Сонан соң Саты ауылына жетіп, одан әрі қарай тау жолымен тағы да ондаған шақырым жол жүреміз.

Күнгей, Іле Алатаулары мен Кетпен жотасы қосылып, Солтүстік Тянь-Шань тау жүйесін құрайды. Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы шекара Күнгей Алатауының негізгі су айрығының бойымен өтеді. Оңтүстік беткей Ыстықкөл көліне қарай созылып жатыр, ал солтүстік беткейде «Көлсай көлдері» ұлттық паркі орналасқан. Ол тіпті мамандардың арасында «Іле-Күнгей туристік рекреациялық жүйесі» деген арнайы атауға ие болды.

Бір аптада Іле-Күнгей туристік-рекреациялық аймағына қарасты ең көрнекті деген табиғи нысандардың бірнешеуіне соқ,ып, Көлсай көлдеріне, Шарын каньонына, Қайыңды көліне барып, салт атпен саяхат жасап, таудың әдемі соқпақтарында велосипедпен жарыссақ.