Қытайдан оралған Алтынгүл Мәденқызы қазақтың қолөнерін жаңғыртып жүр

Тәуелсіздік алғаннан бері бүгінгі таңға дейін елімізге 1 миллион 57 мың адам қандасымыз оралған екен. Арқаға ат басын бұрып, көш бетін түзеген қандастардың қатарында Алтынгүл Мәденқызы да бар. Ол 5 жыл бұрын Қытайдан қоныс аударған. Негізгі мамандығы – компьютерлік өңдеу, монтаждау. Бірақ ақпараттық технология саласына көп кірікпеген. Оның басты бағыты – қолөнер бұйымдарын жасау болды.

Қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, қоғамдық істерге белсене араласқан Алтынгүл Мәденқызы, Шыңжан автономиясындағы ең үздік 10 жастың қатарынан көрінді. Сөйтіп, Қазақ диаспорасы атынан депутат болып сайланды. Бес жыл осы қызметті абыроймен атқарған ол, үйде отырған аналардың басын қосып, оларды еңбекке тартты. Қолөнерге баулып, ұлттық бұйымдарды әзірлейтін орталық ашуға ықпал етті.