Рустам Хальфин бейнелеген суреттеріндегі көшпенділер тақырыбы

Рустам Хальфин өте дарынды, жасампаз суретші. Әу бастан жаңашылдыққа талпынды. Шығармашылық жолын архитектор ретінде бастады. Өмірге философиялық тұрғыдан қарайтын ол барлық құбылыс пен заттың өз мақсаты мен мағынасы бар деп санайтын. Жұмыс бастамас бұрын ізденіп, шағын зерттеу жүргізген. Әрбір туындыны ауқымды жоба ретінде қабылдап, түрлі қырынан ашып көрсетуге тырысты. Содан болар, оның жұмыстарында философиялық сипат бар. Біртіндеп автор бейнелеу өнерінен инсталляция мен арт-нысандар жасауға көшеді.  Бейнелеуден гөрі оған архитектура мен мүсін өнері жақындау болды.

Рустам Хальфиннің туындыларына қарап тұрып, оның шығармашылығының басты кезеңдерімен, таңдаған басты бағыттарымен танысуға болады. Оның жұмыстарында орыс авангарды мен еуропалық модернизм бағыттары ұштасқан секілді. Көне өнер нақыштары мен заманауи техника, батыс пен шығыстың да бояуы бар.