Нұрдос Әлиасқаров – қазақтың зергерлік өнерін жалғастырушы

Жасаған жұмыстары тек елімізге ғана емес, шетелге де жақсы таныс зергер әрі суретші Нұрдос Әлиасқаров туралы «КазАрт» бағдарламасында айтылады.

Суретші зергерлік өнерге өзінің авторлық қолтаңбасымен өте айрықша, таңғажайып туындылар жасап, көрерменнің көзайымына айналып отыр. Расын айтқанда, тап осындай көркем жұмыстарды қайталап жасау әсте мүмкін бола қоймас. Нұрдос өзінің әрбір туындысын алдымен көз алдына елестетіп алып барып, қағаз бетіне түсіреді. Сосын оны күміспен құйып жасайды. Әрбір жұмысын ақырын рет-ретімен атқаратын кәсіби шебер өмірдің терең пәлсапасын өнерімен өрнектеп келеді.

Қазақ қолөнерінің тарихы тым тереңде жатыр. Тіпті ерте замандағы өркениет кезеңінде қарапайым әшекей ретінде аңның азу тістері мен тырнақтарын, құстың қанатын тұмар ретінде қолданған. Ал қола дәуіріндегі қалалардан алуантүрлі әшекейлер, өте шеберлікпен жасалған қола білезіктерді кездестіруге болады. Қазба жұмыстары кезінде табылған осынау жәдігерлерден сол дәуірдегі қолөнер жұмысының өте жоғары деңгейде дамығандығын көруге болады.

Осынау қазақтың зергерлік өнерін жалғастырып жатқан қолөнер шеберлерінің бірі – Нұрдос Әлиасқаров. Ол негізінен күмістен әшекейлер жасайды. Өйткені күміс айдың сәулесі секілді болып тұрады деп бағамдайды шебер.

Нұрдос Әлиасқаровтың күмістен жасаған әшекейлерінде ақық пен маржан тастар керемет үйлесім тауып, сан түрлі тастар бір-бірінің сәулесімен шағылысып, жарқырай көрінеді. Суретшінің қолынан шыққан сан қырлы, көлемді әшекейлер де өмірдің өзі секілді. Жеп-жеңіл, көз қызығарлық жарқ-жұрқ еткен тастары бар, айрықша, өте тамаша әшекейлер жанарыңды еріксіз жаулап алады.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен соңғы көрмеде тәңірлік таңбаларға байланысты топтама көпшілік арасында біраз дау тудырған болатын. Зергер мұны толыққанды мағлұматы жоқ болғандықтан және шындықты білуге тырыспағандық деп есептейді. Дей тұрғанмен де біздің ғалымдар, соның ішінде академик Әлкей Марғұлан, Карл Байпақовтар тәңірлік таңбалардың барлығын растаған болатын.

Нұрдос Әлиасқаровтың қолтаңбасы көпшілікке жақсы таныс әрі өте айрықша. Сонымен қатар халқының ұлттық дәстүрі мен болмысына өте жақын. Оның қиялына қанат бітіріп биікке самғауының, елден ерекше болуының себебі неде? Өте мықты дизайнмен жасалған, ғажайып әшекейлерді ешқашан ешкім қайталай алмас, сірә! Шебердің қолынан шыққан бұйымдардан күн шуағы мен айдың сәулесі нұрын шашып, сиқырлы аңыз әлемін көз алдыңызға әкелгендей болады. Тартымды әрі сүйкімді, қолдан соғылған. Шынымен қайран қалуға тұрарлық дүние.

Нұрдос өзінің айрықша ойларымен көпшілікті таңғалдырып, тамаша зергерлік бұйымдар жасауда өзінің авторлық қолтаңбасын қалдырып жүр. Өте айшықты, жарқыраған көркем дүние, қарапайым ғана қылқаламның көмегімен кескіндемеге айналып кете барады.

Әрине арада көптеген ғасыр өтсе де, әшекей жасаудағы қолөнершілердің талғамы баяу болса да, біртіндеп өзгеріп жатты. Бұрынғы заманғы зергерлік бұйымдар жасаудың үлгісіне келер болсақ, онда тағалау, алтындау, сәндеу, дәнді, байлықты, молшылықты бедерлеу, алқа түрінде жасау сияқты әдіс-тәсілдер қолданылған. Бұл сол замандағы адамдардың бұйымның сиқырлық қасиеті бар деген сенімінен туған.