Дәулет Шоқпаров. Әкеден қалған атакәсіп

Атағы елге кең танылған Дәркембай Шоқпаровтың ағаш пен металлдан жасаған әшекей, ертоқым, сауыт-сайман сияқты ұлттық бұйымдары нағыз ғажап өнер туындысына айналған болатын. Ол музыкалық аспаптарды жинады, «Шеберлер ауылын» құрды. Бүгінде сол кәсіпті шәкірттері жалғастырып келеді.  Дәркембай Шоқпаров өнер академиясында дәріс те берді. Өнер жанашыры көне әшекейлер, қару-жарақ, үй тұрмысына қажетті бұйымдарды өмір бойы тірнектеп жинады.   Әрине, кейбіреу бір затты тегін берсе, енді бірінен сатып алуға тура келді. Ұзын-саны 2,5 мыңға жуық сирек кездесетін жәдігерлерді жинауға ол өзінің жарты өмірін арнаған болатын. Бағасы құнды көне жәдігерлер Англияның, Израйльдің тағы да басқа елдердің ұлттық музейлеріне қойылған.

Дәркембай ұстаның ұлы Дәулет Шоқпаров та әкесі сынды ағаш, былғары, металлдан жасалған қолөнер бұйымдарын түрлі көрмелерге шығарып, халыққа кеңінен насихаттап жүр.  Сондай-ақ ол көнеден бері келе жатқан заттарды жинаумен де айналысады. Суретші ешқандай үлгіге қарап көшірмейді, тек көңіл сәулесімен ғана жұмыс істейді.